5 мин.

ҚПЛ тарихындағы ең жас футболшы және халықаралық турнирлердің жұлдызы: Қазақстан U-17 құрамасының ТОП-7 ойыншысы

Беларусьте өткен «Даму кубогы» халықаралық турнирінде Қазақстанның 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер құрамасы тамаша өнер көрсетті. KazFootball.kz тілшісі ұлттық құраманың жеті үздік ойыншысын таңдап алды. Оларға міндетті түрде назар аударуға тұрарлық.

Қазақстан U17 құрамасы

Минскіде өткен «Даму кубогы-2023» жарысында Қазақстан жастар құрамасы күміс жүлдесін ұтып алды.

Александр Кузнецов бастаған команда Беларусь құрдастарын және 16 жасқа дейінгі Ресей мен Өзбекстан құрамаларын жеңіп, топтық кезеңнен сенімді түрде өтті. Финалда Қазақстан ресейліктерден ұтылып қалды – 1:3 (бірақ төрешілердің жұмысына сұрақтар туындап тұр). Команданың бірнеше ойыншылары өздерін ерекше көрсете білді, тіпті шетелдік клубтардың скауттарының назарын аударды деген қауесет бар.

2006 жылы туылған Қазақстан футболының болашағынан үміт күттіретін ойыншылар кім? Олардың қайсысына ересектер футболына еніп, талантын ашу оңайырақ болады? Көп жағдайда олардың болашақ тағдыры тек жаттығулардағы қажырлы еңбекке, кәсібилікке және үлкен шебер болуға деген ұмтылысқа емес, сонымен қатар футбол орталықтарының басшылары мен жаттықтырушыларының шешімдеріне байланысты.

Бір жағынан, жігіттер профессионалдар сияқты апта сайынғы циклде ойнап, жаттығатындай, ең мықтыларды резервтік немесе негізгі командаларға қосу керек деген ой бар. Бірақ, 17 жастағы балалар бәсекелестікке төтеп бере алмауы және тәжірибесіз қалуы мүмкін, нәтижесінде олардың ілгерілеуі баяулайды.

Бірақ жастар футболында да отырып қалмау керек: кейін апталық циклде үйде және сыртта өтетін матчтар, жаттығулар мен ойынға қойылатын басқа талаптарға, кәсіби деңгейге өту қиынырақ болады. Шын мәнінде, қазір Қазақстанда балалар футболынан ересектер футболына өту үшін арналған көпір жоқ. Минскіде жарқ еткен жас жігіттерді дәл осы жағдай күтіп тұр.

Ұлттық құраманың ең жарқын жеті ойыншысына тоқталып өтейік. Оларға міндетті түрде назар аударуға тұрарлық:

Әбілқайыр Әлиақбар – «Қайсар», қақпашы, 16 жас

2023 жылғы «Даму Кубогының» үздік қақпашысы, бұрын «Оңтүстік» сапында ойнаған, қазір ол «Қайсардың» намысын қорғайды. Ресейге қарсы финалдық ойынға дейін Әлиақбар ұлттық құрама үшін матчтарда барлық турнирлерде бес ойын қатарынан голдарды жібермеді, серияның үш кездесуі Минскідегі топтық кезеңге түсті. 

«Ең біріншіден қорғаушыларыма алғыс білдіремін және де ұлттық құраманың бапкерлер штабына, оларсыз бұл серия болмас еді. Сонымен қатар, қақпашылар бапкері Азат Құрмановқа ерекше алғыс айтамын», – деп айтады Әлиақбар.

Ахметәли Қалтанов – «Астана», жартылай қорғаушы, 16 жас

Қалтанов «Астана» U-17 командасының көшбасшысы. Ахметәлиді футболға әкесі әкелген, клуб бапкерлері оның тәртіптілігін, доппен жұмысын және бастапқы жылдамдығын атап өтеді.

Жастығына қарамастан футболшы Түркия Суперлигасының клубтарына қаралымға барып келген және «Астананың» Бірінші лигадағы ойындарына қатысты. Құрдастарының қасында ол өзіне сенімді және жетілген болып көрінеді.

«Ахметәли – тәртіпті және креативті ойыншы, мен оны болашақтың ойыншысы деп санаймын. Ол міндетті түрде Қазақстан Республикасының жастар және ұлттық құрамаларында ойнайды. Ахметәлиде еуропалық деңгейдегі кәсіби футболшы болу үшін қабілеті бар», – деп айтқан ойыншы туралы «Астана» футбол орталығының бұрынғы басшысы Арсен Іңкәрбеков.

Шыңғыс Дүйсенбек – «Қайрат», жартылай қорғаушы, 17 жас

Дүйсенбек Минскідегі турнирде өзін жақсы жағынан көрсетті, бірақ ол халықтың назарына ертерек түскен болатын - 2021 жылы «Қайратпен» бірге Шыңғыстың Ростовтағы «Достық кубогында» бағы жанды.

Сол кезде алматылықтар «Зенитті» (5:1) және «Краснодарды» (3:0) ойсырата ұтқан балатын, сонымен қатар турнир қожайындарын минималды есеппен ұтты. Финалда пенальти сериясында қазақстандықтар Минскілік «Динамосынан» мықты болды, ал Шыңғыс турнирдің үздік ойыншысы деп танылды. Алайда, Шыңғыс үшін бұл бірінші марапат емес – Қазақстанда ол жиі MVP атағын ұтып жүр.

Шыңғыс – алаңдағы жағдайды дұрыс көріп бағалайтын, үлкен көлемдегі жұмысты атқара алатын, әмбебап солақай футболшы. Шабуылда да, қорғаныста да бірдей пайдалы.

Елжан Молдахмет – «Қайрат», қорғаушы, 16 жас

Біздің ТОПта «Қайрат» академиясының тағы бір өкілі. Молдахмет Дүйсенбекпен бірге 2021 жылы «Достық Кубогын» жеңіп алды.

Елжан құрдастар арасында Қазақстандағы ең үздік қорғаушылардың бірі болып саналады. Ойыншының күшті қасиеттерінің ішінде мамандар мінезі мен екінші қабаттағы ойынды ерекшелейді.

«Қайратта» заманауи орталық қорғаушыларды қалай даярлау керектігін жақсы білетін сияқты. Мұнда Нұралы Әліп өтірік айтуға жол бермейді.

Ілияс Әбіл – «Ақсу», шабуылшы, 17 жас

Ілияс турнирдің ең жарқын ойыншыларының бірі болды. «Даму кубогында» Әбіл команда сапында «гол+пас» көрсеткіші бойынша үздік ойыншы болып атанды, сондай-ақ Қазақстанның финалдағы жалғыз голының авторы.

Павлодарлықты ұлттық құраманың плеймейкері деп атауға болады, Қазақстанның шабуылдарының көпшілігін ол өзінің он қапталынан бастаған болатын. Әбіл 17-ге енді ғана толды – өзіне дұрыс қарап жүрсе және тұрақты ойын тәжірибесі болса, «Ақсудың» қапталға креативті ойыншыны іздеудің қажеті болмай қалады.‎ Ілияс қысымның астында ойнаудан қорықпайды, бұл қазақстандық футболшы үшін жиі кездесетін жағдай емес.

Тамерлан Ағыманов – «Ақсу», шабуылшы, 16  жас

Қазақстан футболының жанкүйерлері бұл жігітпен бұрыннан таныс, өйткені Ағыманов ҚПЛ тарихындағы ең жас дебютант. 2022 жылы Тамерлан Абзал Бейсебековтің 2008 жылдан бергі рекордын жаңартты. Дебют кезінде Ағыманов 15 жыл, 8 ай және 21 күнге толған болатын.

«Мен оған Премьер-Лиганың не екенін сезуге мүмкіндік бердім. Бұл оның болашаққа деген авансы. Мұндай баланың ересек ер жігіттермен ойнауы әлі ерте, мен оған зиян келтіруім мүмкін. Біртіндеп ол Бірінші және Екінші лигаларда тәжірибе жинақтайды», – деп айтты «Ақсу» бапкері Руслан Костышин Ағымановтың дебюті туралы. 

«Ақсудың» негізгі құрамындағы алғашқы ойындары одан да ертерек болған: ‎2021 жылғы маусымда ойыншы Бірінші лигада алаңға он рет шықты, сонымен қатар Екінші лигада бірнеше ойын өткізді. Қазір Ағыманов «Ақсу» жастар командасының маңызды ойыншысы және негізгі құраммен жаттығуларға үнемі тартылады.

Ерасыл Сәрсенбай – «Тұран», жартылай қорғаушы, 16 жас

Өткен маусымда Ерасыл «Тұранмен» бірге қазақстандық жасөспірімдер футболының басты сенсациясын жасады: Түркістан командасы Қазақстан чемпионатында жеңіске жетіп, УЕФА Жастар Лигасында ойнауға мүмкіндік алды. 

Сәтті маусымнан кейін Сәрсенбай «Тұранның» Екінші лигадағы командасына ауысты. Бір қызығы, футболдан басқа, Ерасыл бала кезінен көкпар ойнайды.

«Ерасыл бізге ауладағы футболыдан келді деуге болады. Оның талантын байқап, жасы үлкен командаға бару керек деп шештік. Сәрсенбай осы бағытынан жаңылмай, ілгерілей береді деп сенемін. Оған шынымен сенім артамыз, одан керемет ойыншы шығатынына сенеміз. Ал оның мысалы қазақстандық әрбір дарынды балаға мотивация бола алады», – деп сипаттайды ойыншыны «Тұран» академиясының бас бапкері Сава Ковачевич.

Біздің футболда көптеген проблемалар бар, бірақ жыл сайын еліміздің әртүрлі қалаларында ұлттық құраманың болашақ жетістіктеріне үміт артатын талантты жігіттер пайда болады. Қазақ футболына жүйелілік жетіспейтіні анық: бізде жақсы алаңдар, білікті жаттықтырушылар, сапалы турнирлер жеткіліксіз. 

«Менің ойымша, Ресей құрамасы деңгейінде болу үшін бізде барлық жағынан іріктеу жұмыстары жүргізілетін мектеп-интернат жүйелері жетіспейді», – деп айтты финалдағы жеңілістен кейін Қазақстан U-17 құрамасының бас бапкері Александр Кузнецов.

Мысалы, халқы Қазақстанмен салыстыруға болатын Нидерландыда балалар футбол мектептері мен жас футболшылар саны әлдеқайда көп. Тіпті голландықтардың халықаралық рейтингтердегі орны туралы айтудын қажеті жоқ. Бірақ ондағы балалар біздікілерден әлдеқайда талантты ма? Олай деп айта алмаймыз.

Бізде жарқын, болашағынан үміт күттіретін жас балдар көп, ең бастысы олардың өсуіне көмектесу. Балалар мен жасөспірімдер футболында кешенді жұмыс жасамай, өкінішке орай, біздің құрамада ешқандай даму болмайды.