2 мин.

Срджан Благоевич: «Каспий» – Қазақстан чемпионын жеңген жалғыз команда»

«Каспийдің» бас бапкері осы маусымға өз бағасын берді.

«Каспийдің» бас бапкері Срджан Благоевич маусымды қорытындылады:

– Чемпионат осылай жақсы аяқталады деп елестете алмадық! «Ақтөбе» сияқты ірі клубты жеңу, әрине, күтпеген жағдай болды. Өткен матчтарда біз ең жақсы ойынымызды көрсете алмадық, оның себептерін осы маусымдағы барлық жағдайды егжей-тегжейлі талдағаннан кейін табамыз. Адамдар клубтың, команданың күшіне және біздің барлық ісімізге күмән келтіре бастады. Тек біздің ортақ сеніміміз бен табандылығымыздың арқасында осындай керемет нәтижеге қол жеткіздік. Бір-бірімізбен әңгіме-дүкен құрған кезде біз өзімізді құрметтеуді талап еттік.

«Ақтөбеге» қарсы нәтиже біздің эмоцияларымыз бен осы жобаға деген көзқарасымыздың шарықтау шегі болып саналады. Бұл клубтағы әрбір адам үшін осы маусымдағы барлық істері үшін жасалған керемет марапат. Біз чемпионатта қалу туралы тапсырманы әлдеқашан орындап, нәтижесінде 8-орынға табан тіредік. Жалпы ойынның нәтижесі мен сапасына қарасақ, біз жақсы прогресс жасадық, мақсатымыз да осы еді.

Ең алдымен ойыншыларға, қызметкерлерге, барлық клуб қызметкерлеріне және, әрине, клуб басшылығына үлкен рахмет айтқым келеді. Олар – кәсіби мамандар. Басшылық, қызметкерлер, ойыншылар мен жанкүйерлер арасында мұндай байланыс болатын клубтар өте сирек кездеседі. Бұл үшін барлығыңызға рахмет! Біздің ойынымызға күмәнмен қараған адамдарға да рахмет, өйткені бұл бізге финалдық ойында мотивация берді.

Мен соңғы 2 маусымда жасаған барлық істерімізді мақтан тұтамын! «Каспий» басқа командалар сақтанып және құрметпен қарайтын Премьер-лиганың тұрақты командасына айналды. «Каспий» – чемпионатта Қазақстан чемпионын («Тобыл») жеңген жалғыз команда! Ең бастысы, прогресс болғанын байқауға болады және бұл болашақта да жалғасады деп сенемін! Енді кемшіліктерді жою және ойынды жақсарту үшін жаңа іс-шаралар жоспарын жасауымыз керек. Ойыншылар мен клуб басшылығы үзілісті ұтымды пайдаланады деген сенімдемін.

Бізді әрқашан шын жүректен қолдаған жанкүйерлерге мың алғыс! Ақтөбе қаласына келіп, стадионда лық толы ақтөбелік жанкүйерлермен арыстандай айқасқандарға мың алғыс. Өз алаңымыздағы соңғы екі ойында болмағандарыңыз өкінішті-ақ, бұл біздің нәтижеге әсер етті деп ойлаймын, сіздің қолдауыңыз біз үшін өте маңызды! Бұл үшін сіздерге шын жүректен рахмет.

Әсіресе, «Ақтөбемен» болған матчтың соңында стадиондағы көрермендер бізге қошемет және құрмет көрсеткені көңіл қуантады. Мұндай жағдай жиі бола бермейді. Маусым керемет аяқталды.