3 мин.

Келмеске кеткен голеадор

Бүгінгі күні ұлттық құрамамызды даттау өзіндік бір "мейнстримге" айналды. Расында, біздің футбол ерекшеліктерге толы, тіпті құрамамыздың тарихындағы үздік футболшыны таңдау қиын болар. Алайда, осы мақалада ұлттық құрамамыздың тарихындағы ең үздік шабуылшы жайлы сөз қозғамақпын.

Таныс болыңыздар, Виктор Егорович Зубарев - сұңғақ бойлы сұрмерген. Виктор өз мансабын туған қаласындағы Ермактық "Металлург" клубынан бастады. Алайда, бала кезінде баскетболшы болуды армандаған Витя кәсіпқой мансабындағы алғашқы ойындарын "Батыр" клубы сапында өткізді. Ересек футболдағы алғашқы маусымында 8 ойын өткізіп, 1 ғана гол соғып үлгерді. Одан кейінгі 2 маусымда 6 гол шабуылшы үшін жоғары көрсеткіш еместігі барлығымызға аян. Келесі маусым Виктор үшін өте сәтті атанды. 1996 жылғы маусымдағы 32 ойында қарсыластар қақпасынан 11 рет саңылау тапқан шабуылшының еңбегі елеусіз қалмады. Зубаревті өз қатарына сол кездегі еліміздің үздік клубы Павлодарлық "Ертіс" қосып алды.

Павлодарлық клуб сапындағы алғашқы маусым Виктор үшін Еуропаға алғышарт іспеттес болды. 23 ойында ұзын бойлы шабуылшы 10 мәрте голдың авторы атанып, Ресейлік бірнеше клубтың назарына ілікті. Олардың ішінде таңдау Тулалық "Арсеналға" түсті. "Ертістегі" маусымнан кейін Виктор мырза ұлттық құрама сапына да шақырту алды. Өзінің дебюттік ойынында Пәкістанға қарсы хет-трик жасап елді елең еткізді. Жалпы ұлттық құрама үшін ең сәтті шабуылшы - Зубарев. Барлығы 18 ойын өткізіп, 12 гол соққан ойыншы ұзақ уақыт бойы ұлттық құраманың тарихындағы үздік мерген болып келді. Тек Руслан Балтиев 2009 жылы 9 айдың 9 күні бұл рекордты бұзды. Алайда, Русланға бұл атақ үшін 73 ойын қажет болды. Сонымен қатар, Виктор Зубарев - ұлттық құрама сапында покер жасаған жалғыз футболшы. Бұл оқиға Лаосқа қарсы ойында орын алды.

Тулалық "Арсенал" мен Нижегородтық "Локомотив" сапында екі маусымда 36 ойын өткізіп 10 гол салған шабуылшы "Ертіске" оралуға мәжбүр болды. Бум! Ресейде тәжірбиесі толысқан Витя 34 ойында 26 гол салып айды аспанға бір-ақ шығарды. Осы маусым Виктордың мансабындағы ең үздік атанды. Сол маусымды Виктордың өзі осылай есіне алады:

"Ресейдегі өткізген ойындардан кейін басым ауыратын еді. Кім доп алса да, маған әуелететін. Қарсы шығуға тырысқанымнан түк шықпады. Маған бар айтатындары "бастысы әуедегі допты жеңу" болды. Сергей Овчинниковқа менің физикалық тұрғыдан дайындығым үшін алғыс айтқым келеді. Қазақстанға оралғаннан кейін алаңда "ұшып" жүрдім. Маусым соңында 26 гол соқтым, мүлдем шаршау дегенді білмедім".

Осыншама ғаламат маусымның нәтижесінде Кипрлік "Аполлоннан" ұсыныс түсті. Кипрде шабулшы шын мәнінде "өзіндік" атанды. Тіпті, Витяның Кипрдегі керемет ойынына тәнті болған "Эрмис"клубы өз қатарына тағы бір қазақстандық шабуылшы Олег Литвиненконы шақырған болатын. Колумб Америкаға жол ашқан болса, Виктор қазақстандық футболшылар үшін Еуропаға жол ашты. Кипр кубогінің иегері атанған шабуылшы жергілікті халықтың сүйіктісіне айнала білді.

"Ертіске" кезекті рет қайта оралған шабуылшы 4 рет (кей мәліметтер бойынша 3 рет) Қазақстан чемпионы атанды. Виктор өзін Павлодарлық клубтың "бойтұмары" деп әзілдескен де болатын. Керекудегі соңғы маусымында 8 гол соғып, маусым ортасында көршілес "Есиль-Богатырь" футболшысы атанды. Өз ғұмырындағы соңғы маусымда капитан атанып, 9 мәрте қарсылас қақпасын дәл көздеді.

Нәтижелі шабуылшының денесі 2004 жылдың 18 қазанында Омбыда табылды. Бейресми ақпараттарға сүйенсек шабуылшының өліміне нашақорлық себеп болды. Бәлкім, есірткіге жақын болмағанда Виктор Зубарев еліміздің футболының нағыз аңызына айналар ма еді, кім білсін.

Не дегенмен, Виктор Егорович - қазақ футболы тарихында аты аңызға айналған, ойып тұрар орыны бар шабуылшы. Оның өмірі, спорттық мансабы шырғалаңға толы.

Жатқан жеріңіз жайлы болсын, Виктор мырза!