3 мин.

«Астананың» жаңа бас бапкерімен (әлі нақты емес) танысайық!

2020 жылы ақтаулық «Каспий» 19 жылдық үзілістен кейін еліміздің жоғарғы футбол лигасына жолдама алды. Ең аз  бюджетті командалардың бірінің (одан аз бюджет тек «Оқжетпесте» болды) 1 Лигаға бірден ұшып кетеріне дүйім жұрттың күмәні болмағаны анық. Алайда, жоқтан бар жасап, айды аспанға бір-ақ шығарып, ел чемпиондарын тартысты ойында жеңген ақтаулықтар чемпионаттағы орындарын сақтап қалды. Бұл «Ақтаулық ертегі» біздің бүгінгі басты кейіпкерсіз жүзеге аспас еді.

Срджан Благоевич – 48 жасар серб маманы. «Каспийге» сапарына дейін өз елінің төңірегінен шықпаған бас бапкер отанында 11 жылдың ішінде 11 клуб ауыстырып көзге түскені болмаса, тіпті серб футболына да белгісіз тұлға. Ақтаулық клуб басшыларының бұл маманды қайдан тапса да, оң шешім қабылдағаны айдан анық.

Расында, «Каспий» сол маусымда біршама рет ірі жеңілістерге душар болды. «Қайраттан» 0:3, «Шахтердан» 0:4, «Жетісудан» 3:0 есебімен жеңілістер клубты тығырыққа тірегені анық. Бірақ, ақтаулық команданың ойыны барлық футбол сүйер қауымның көңілінен шықты. Чемпионаттағы ең азулы командалардан қаймықпай, шабуылға лап қойып, өз ойынын жүргізе білді. 2020 жылғы кестеге назар аударсақ, «Каспий» маусымды 10 орынмен аяқтады. Благоевичтің қол астында Сақалбаев өзінің «екінші жастығын» сезініп, команда капитаны атанды. Арман Нүсіп, Еркебұлан Нұрғалиев, Мақсат Тәйкеновтер сол құраманың негізін құрады. 2020 жылғы маусымда тек қазақстандық футболшылардың голын есептейтін болсақ, «Каспий» маусымды 3 ОРЫНДА аяқтар еді, бұл дегеніміз Благоевич мырзаның отандық футболшыларға үлкен сенім артатындығын білдіреді. «Каспийден» ұлттық құрамаға Рамазан Кәрімов, Аслан Дарабаевтар шақырту алса, Мақсат Тәйкенов құраманың негізгі ойыншыларының бірі атанды.

Екінші маусымында «Каспий» тіпті күшейе түсті. Дәл жасалған сәтті ауысымдар Благоевич мырзаның командасына оң үлесін берді. Атап айтатын болсақ, Аслан Караев - маусым бойынша клубтың үздік мергені атанды, Ваджи Салли – үздік ассистент, Аслан Дарабаев – ойын жүргізуші маңызды тұлға атанды. Алайда, маусым соңына қарай қуаты таусылған, белді ойыншыларынан айырылған ақтаулықтар турнирлік кестенің 9 орынына жайғасты. Бірақ, чемпионаттың соңғы турында көршілес «Ақтөбені» Қобыланды Батыр атындағы орталық стадионда ойсырата 1:5 есебімен жеңіп, жергілікті клубты жер қылды.

"Ақтөбе"-"Каспий" 1:5

Срджан бапкер 4-1-4-1 схемасымен ойнағанды қалайды. Бұл схемада басты ойын үйлестіруші, қорғаныс пен шабуылды жалғайтын алтын көпір қызметін Аслан Дарабаев атқарды. Тіпті, осы «Каспий» сапындағы жақсы ойыны арқылы Аслан ұлттық құрамаға қайта шақырту алды. Маусым басында 4-2-3-1 ойын жүйесіне бет бұрған «Каспий» алғашқы турда «Ақтөбені» қаншалықты тықсырып баққанымен, жеңіске жете алмай, тең тарқасты. Уақыт өте үйреншікті 4-1-4-1 жүйесіне қайта оралған «Каспий» болашақ ел чемпиондары «Тобылды» жеңе білді. Бұл жеңіліс қостанайлықтар үшін «жеңісті маусымдағы» жалғыз жеңіліс болып қалды.

«Каспий» - қазіргі таңдағы лигамыздағы ең дамушы клуб. Благоевич – дамушы клубтың бас құрылысшысы. Бұл құрылыстың қандай нәтижемен аяқталатынын білу мүмкін емес, алайда бұл 9 орын «Каспийдің» өз деңгейінен биік секіруі емес деген асыл ниеттемін. Соңғы күндері Срджан мырзаның еліміздің бас шаһарына қоныс аударуы мүмкін деген сыбыстар желіде кеңінен тарауда. Ортаңқол ұжыммен керемет көрсеткіштерге қол жеткізген маман, «Астана» сапында өз біліктілігін растай ала ма? Әлде қазіргі «Каспий» бүгінгі «Астанадан» әлдеқайда болашағы зор клуб па? Алдағы уақытта көре жатармыз.