2 мин.

«Құрамның тереңдігі жетпеді». Кака – алматылық клубтың «Төртеу финалына» шыға алмауы туралы

«Қайрат» АФК бас бапкері Кака Prosports.kz сайтына берген эксклюзив сұхбатында «Төртеу финалына» шығу үшін командасына не жетпегенін айтып, келесі жылы алматылық клуб бұдан да күшейетініне сенім білдірді.

– Чемпиондар лигасымен қоштасқаннан кейін қандай сезімде болдыңыз?

– Әрине, менің қатты көңілім қалды, өйткені барлық қиындыққа қарамастан Төртеу финалын күттік. Өкінішке қарай, бұл жолы біз бұл футзал фестивалінде болмаймыз.

– «Қайратқа» «Аньер-Вильнев» пен «Тюменьді» жеңу үшін не жетіспеді?

– Бұл екі түрлі матч, бір-біріне ұқсамайтын екі оқиға. Француздарға қарсы матчта қалай әрекет ету керегін түсінбедік деп ойлаймын. Басында түсінбедік, қалай болғанда да екінші таймда толықтай басым түстік. Ал «Тюменьге» келсек, бізге құраманың тереңдігі жетіспеді деп ойлаймын. Біз қатты сенетіндердің ойынға қатыспағаны әсер етті. Ойын сапасы жақсы болғанымен, ойыншылардың саны жеткіліксіз болды.

– Командаңыздың Элиталық кезеңдегі үш матчты да сәтсіз бастап, бірден ойынға қосыла алмағанын қалай түсіндіре аласыз?

– Мен олай ойламаймын. Біз «Аньер-Вильневке» қарсы матчты ғана сәтсіз бастадық. «Тюменьге» қарсы матчта біз бірінші таймда жеңіске жеттік, «Витэнмен» тең түстік.

– Чемпиондар лигасының негізгі кезеңін еске түсірейік, «Қайрат» ол жақта да жақсы өнер көрсеткен жоқ. Қатемен жұмыс жүргізілмеген бе сонда?

– Негізгі кезеңде бірінші матчта ғана сәтсіздікке ұшырадық, 3:1 есебімен алда тұр едік. Қарсыласқа есепті теңестіруге мүмкіндік бердік («Пльзенге» қарсы –Prosports.kz еск.). «Тюменьге» қарсы өте жақсы ойын болды, біз, керісінше, 1:3 есебімен артта тұрып, жеңіліске жол бермедік. Ал сол турнирдің қожайындары «Пезароға» қарсы өте жақсы ойнап, жеңіске жеттік. «Қайраттың» іс жүзінде дайындалуға уақыты болмады, ойыншылар әлем чемпионатынан кейін шаршады. Бірақ біз мінез көрсетіп, топта жеңіске жеттік.

– «Қайрат» жазда сатып алған ойыншыларға көңіліңіз тола ма әлде жаңадан келгендерден көп нәрсе күттіңіз бе?

– Біз екі ойыншы ғана сатып алдық - Төрехан Досов пен Витао. Екеуі де «Қайраттың» атмосферасын сезініп, әлі түсіне қойған жоқ. Екеуінің де әлеуеті айқын. Бірақ оларды дәл қазірге емес, болашақ үшін сатып алдық. Өкінішке қарай, олардың қабілеттерін толық көрсетуге мүмкіндіктері де, уақыты да әлі бола қойған жоқ.

– «Қайраттағы» болашағыңыз туралы клуб басшылығымен сөйлестіңіз бе?

– Жақын арада клуб президентімен сөйлесеміз.

– Келесі жылы «Қайрат» мықтырақ болатынына сенесіз бе?

– Әрине сенемін. Өйткені «Қайратта» командалық рух бар. Сапалы трансферлер болып, қазір бар ойыншылар бұдан да күшейе түседі деп үміттенемін.