1 мин.

Ян Вороговский: «Біз кубокті иеленгіміз келеді»

Вороговский бұған дейін екі мәрте ел кубогін жеңіп алған.

Қазақстан кубогінің финалдық матчы алдында «Қайраттың» қорғаушысы Ян Вороговский баспасөз мәслихатяна қатысып, жергілікті тілшілердің сұрақтарына жауап берді:

– Біз кубокті иеленгіміз келеді. Екі күн бұрын «Базельге» қарсы ойнағанымызға қарамастан, барлығы жақсы ойын көрсетіп, оң нәтижеге жетуге тырысады.

– Финалдағы қарсыласыңыз туралы не ойлайсыз?

– «Шахтер» – өте мықты команда. Олармен өткен чемпионаттағы соңғы матчтар біз үшін ауыр болды. Қарсыласымызды талдап, кездесуге дайын болатынымызға сенімдімін. Бірақ бұл қиын әрі қызықты ойын болады.

– Қазақстан кубогін екі рет жеңіп алдыңыз, финалда да екі мәрте ойнадыңыз. Финалдық матчтарға деген көзқарас пен дайындық басқа ойындардан өзгеше бола ма?

– Финал қашанда ерекше психологиялық дайындықты қажет етеді. Финал жиі бола бермейді және сіз оған ерекше дайындықпен баруыңыз керек.

– Команда Конференция лигасында сәтті өнер көрсеткен жоқ, чемпионатта үшінші орын алды. Осы маусымда Кубокті жеңу сіздер үшін жақсы нәтиже бола ма?

– «Қайрат» – Қазақстандағы ең үлкен клубтардың бірі, біз чемпионатта, кубокте және еуро додаларда әрқашан жоғары мақсаттар қоямыз. Біздің алдымызда барлығын, соның ішінде кубокті де жеңу міндеті тұрды.