1 мин.

«Ақтөбе» италиялық инвесторлармен кездесу өткізді

Олар өңірдегі футболды дамытқысы келеді.

«Ақтөбе» ФК басқарма төрағасы Ерлан Жамантаев «International Trade» компаниясының бас директоры Никола Крепальди бастаған италиялық делегацияны қабылдады. 

Италияның Ақтөбедегі ресми өкілінің айтуынша, шетелдік бизнесмендер облыста бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүдделі. 

Одан бөлек, италиялық кәсіпкерлер ақтөбелік футболды қолдап, бұл спорт түрінің дамуына қолғабыс етуге дайын. Өткен жылы әлем чемпионы және 1982 жылғы «Алтын доп» иегері Паоло Россидің Ақтөбе қаласынан өз футбол академиясының филиалын ашады деген жоспар болған еді. 

Сондай-ақ 2020 жылы Россимен бірге жасөспірім ойыншыларды іріктеу процессін италиялық бапкерлер жүргізеді деп жоспарланған болатын. Бірақ пандемияға және Италияның экс-форвардының мезгілсіз дүниеден өтуіне байланысты ойдағыны іске асыру мүмкін болмаған еді. 

Алдағы жылы тараптар арасындағы ынтымақтастық бір жолға қойылады деп күтіліп отыр. Жас өрендердің іріктеуінен соң, олардың бір бөлігі Италияға оқуға аттанады. 

Кездесу соңында Ерлан Айтбайұлы Никола Крепальди мырзаға «Ақтөбенің» атаулы жейдесін сыйға тартты.