1 мин.

Құрбан Бердыев: «Пенальти болған жоқ»

«Қайрат» клубының бас бапкері Құрбан Бердыев УЕФА Конференция Лигасының бесінші турындағы ойыннан соң пікір білдірді, деп жазады Vesti.kz тілшісі.

«Орталық» стадиондағы кездесу «Базельдің» пайдасына 2:3 есебімен аяқталды.

– Құрбан Бекиұлы, матчтан кейінгі пікіріңізді білдірсеңіз...

– Базельдегі матч пен бүгінгі ойынды салыстыратын болсақ – біздің жігіттерде прогресс байқалады. Қарсыласпен тең дәрежеде иық тіресіп ойнағанымызбен олардың деңгейі жоғары болды. Барын салған командама алғыс айтамын. Кездесудің есебіне болмаса да жалпы ойынға көңілім толады.

– «Қайратқа» бас бапкер болып тағайындалған күннен бастап сізді бірінші рет төрешіге қарсы эмоционалды болғаныңызды көрдік. Көңіліңіз толды ма?

– Төреші біздің қақпаға пенальти белгіледі. Мен бейнеқайталауын көріп шықтым. Ол жерде ешқандай да 11 метрлік айып соққысы берілмеуі керек еді. Ойынның есебін әділ-қазыға артып қоймаймын. Бірақ төрешінің де қателескен сәттері болды.

– Алықұлов, Сейдахмет пен Шушеначевтердің екінші таймдағы ойындарына баға берсеңіз...

– Жалпы жақсы ойнап шықты. Алайда болмашы жерде қателіктер де жасап жатты. Егер кубоктің матчтары болмағанда ол футболшылар алаңға шықпауы да мүмкін еді.

Айта кетейік, бесінші турдан кейін «Қайрат» 1 ұпаймен соңғы орында. 11 ұпай еншілеген «Базель» мен «Карабах» турнир кестесінің алғашқы екі үздік клубтары болып тұр. Кипрдің «Омониясы» 3 ұпаймен үшінші орынға жайғасқан. Енді «Қайрат» топтық кезеңдегі алтыншы тур ойынын 9 желтоқсанда «Омонияға» қарсы өткізіп, маусымды аяқтайды.