1 мин.

Патрик Рамен: «Қайратқа» болашақта сәттілік тілеймін»

«Қайрат» пен «Базель» арасындағы УЕФА Конференция Лигасының бесінші турынан кейін швейцариялық клубтың бас бапкері баспасөз мәслихатында журналистер сауалына жауап берді, деп жазады Vesti.kz.

– Есеп 2:1 болып тұрған сәтте сіз бірден алаңға үш ойыншыны шығардыңыз. Бұл алдына ала жасалынған жоспар болды ма әлде таблодағы есепке байланысты өзгеріс енгіздіңіз бе?

– Алдын ала жоспарымызда болмады. Тек ұтылып жатқандықтан, өзгерістер енгізу керек болды. Бағымызға қарай екінші таймда шыққан ойыншылар сенімді ақтады.

– Швейцариядағы матчпен салыстырғанда бүгін «Қайрат» сапалырақ ойнады деп ойлайсыз ба?

– Әлбетте. Біз «Қайраттың» қарқынына жақсылап дайындалып келгенбіз. Мен Конференция Лигасында алматылық ұжымның барлық кездесуін көріп шықтым. Олар (ред. «Қайрат») тіпті өткенде «Карабахты» ұтып кете жаздады.

– Ал бүгін ұтатын мүмкіндігі болды ма?

– Әрине болды. «Қайрат» екі рет есепте алда болды. 1:0 және 2:1. Алаңға тыңнан шыққан жігіттеріміз бапкер нұсқауын бұлжытпай орындады деп ойлаймын. Нәтижесінде жеңіске жеттік. Сөз соңында қонақжайлылық танытқандарыңызға алғыс айтамын. «Қайратқа» болашақта сәттілік тілеймін.

Еске салайық, «Қайрат» пен «Базель» арасындағы матчта 2:3 есебімен швейцариялықтар жеңісті тойлады. «Халықтық» команда сапында Вагнер Лав пен Камо Оганесян гол салды. Бесінші турдың қорытындысы бойынша Құрбан Бердыев ойыншылары 1 ұпаймен ең соңғы орынға жайғасты.