ҚКФЛ Қазақстан кубогының тарихы туралы мәлімет жариялады
Қазақстан кәсіпқой футбол лигасы ел кубогының шешуші ойындарының тарихы мен жеңімпаздары туралы мәлімет жариялады, деп хабарлайды Prosports.kz.
Қазақстан кубогы алғаш рет 1992 жылы өтті. Сол жылы Алматыда жергілікті «Қайрат» пен Жамбылдың «Фосфор» командасы кездесті. Ойында алматылық футболшылар 5:1 есебімен жеңіске жетті.
Келесі жылы Қазақстан кубогының басқа алматылық клуб иеленді. Шешуші ойында «Достық» футболшылары «Тараздан» басым түсті – 4:2.
Әрі қарай өскемендік «Восток» командасы алғашқы кубогын жеңіп алды. Олар финалда «Актюбинец» командасы 1:0 есебімен ұтты.
1995 жылы «Востоктың» табысын Семейдің «Елімайы» қайталады. Олар финалда шымкенттік «СКИФ-Ордабасы» командасын жеңді – 1:0.
1996 жылғы маусымда Қазақстан кубогы «күз-көктем» жүйесінде ұйымдастырылды. Жауа маусымның іріктеу ойындары 1996 жылы басталып, финал 1997 жылы өтті. Шешуші сында алматылық «Қайрат» футболшылары өскемендік «Восток» қақпасына жауапсыз екі допты соқты – 2:0.
1998 жылы Қазақстан кубогы бір жыл бұрынғы жүйемен жалғасты. Бұл жолы павлодарлық «Ертіс» жеңіске жетті. Финалда павлодардық футболшылар қызылордалық «Қайсар-Hurricane» командасын қосымша уақытта 2:1 есебімен жеңді.
Келесі маусымда «Қайсар-Hurricane» футболшылары мақсаттарына жетіп, кубок жеңімпазы атанды. Олар финалда Өскеменнің «Восток-Алтын» командасымен 1:1 есебімен тең ойнап, ойын соңындағы пенальти сериясында дәлдік танытты.
2000 жылы Қазақстан кубогы алғаш рет ел астанасында өтті. «Қайрат» футболшылары петропавлдық «Аксесс-Голден-Грейн» командасын кездесіп, қарсылық көрмеді – 5:0.
2001 жылы Қазақстан кубогы «көктем-күз» жүйесіне қайта оралды. Елордалық «Жеңіс» футболшылары пенальти сериясында павлодарлық «Ертістен» басым түсті. Ойын 17 маусым күні өткен еді.
Осы жылдың күзінде 2001 жылғы Қазақстан кубогын тағы да алматылық «Қайрат» жеңіп алды. Олар финалда «Жеңісті» 3:1 есебімен ұтты.
Бір жылдан соң «Жеңіс» футболшылары финалға қайта шығып, «Ертіспен» кездесті. Павлодарлық футболшылар қарымта қайтара алмады. 1:0 – елордалық футболшылардың жеңісі.
2003 жылы «Қайрат» бесінші рет Қазақстан кубогында топ жарды. Финалда Қостанайдың «Тобылын» жеңді – 3:1.
2004 жылы алматылық футболшылардың жеңісті сериясын «Тараз» бұзды. Олар «Қайрат-Алматы-ҚТЖ» командасын 1:0 есебімен ұтқан болатын.
2005 жылы елордалық «Жеңіс» үшінші рет Қазақстан кубогының иегері атанды. Қосымша уақытта финалға жиі шығатын «Қайрат-Алматы-ҚТЖ» командасын 2:1 есебімен жеңді.
2006 және 2010 жылдары Қазақстан кубогы бір қаладан екінші қалаға көшті. Бес жыл ішінде әртүрлі қала жеңімпаз атанды. Олар - жас ұжым «Алма-Ата», кейін қостанайлық «Тобыл», әрі қарай «Ақтөбе», «Атырау» және елордалық «Локомотив».
2011 жылы Қазақстан кубогында алғаш рет шымкенттік «Ордабасы» жеңіске жетті. Олар финалда Қостанайдың «Тобылынан» басым түсті. Келесі маусымда кубок елордаға қайтарылды. «Локомотив» футболшылары «Ертістің» қақпасына екі гол соқты.
2013 жылы Қазақстан кубогының жаңартылған кубогы сарапқа салынды. Бұл жүлде қарағандылық «Шахтерге» бұйырды. Олар финалда «Таразды» ұтты.
2014 жылдың қарашасында «Қайрат» пен «Ақтөбе» таласып, алматылықтар жеңіске жетті. Бір жылдан соңын «Қайрат» футболшылары «Астананы» жеңіп, жетістігін қайталады.
2016 жылы «Астана» футболшылары қарымта қайтарды. Олар «Қайратты» 1:0 есебімен ұтып, Қазақстан кубогының үш дүркін иегері атанды.
2017 жылы тарихи ойын Ақтөбе қаласында өтті. «Қайрат» пен «Атырау» арасындағы ойында алматылықтар бір гол соғып, жеңісті тойлады.
2018 жылы да «Қайрат» пен «Атырау» финалда жолықты. Тағы да «Қайрат» футболышлары бір гол соғып, тоғызыншы рет Қазақстан кубогын көкке көтерді.
2019 жылы клуб тарихында кубокты қызылордалық «Қайсар» жеңіп алды. Араға 20 жыл салып қызылордалықтар финалда «Атырау» командасынан басым түсті.
2020 жылы пандемия салдарынанпайда болған шектеулер мен көктемде футбол маусымында орын алған үлкен үзіліске байланысты Қазақстан кубогын өткізбеу туралы шешім қабылданды.
Жеңген кубок саны бойынша рекорд иегерлері:
1. «Қайрат» (Алматы) – 9 рет;
2-3. «Астана» – 3 рет;
2-3. «Жеңіс»(«Астана-64») – 3 рет;
4. «Қайсар» (Қызылорда) – 2 рет.