Белгілі комментатор «Қайрат» пен «Базель» матчының дәл есебін болжады
Бүгін, 25 қараша күні футболдан УЕФА Конференция лигасының бесінші тур ойындары өтеді. Халықаралық турнирде еліміздің атынан қатысып жатқан «Қайрат» өз алаңында «Базельді» қабылдайды.
Белгілі комментатор, ҚФФ Қоғаммен байланыс департаментінің директоры Ермұхамед Мәулен Алматының «Орталық» стадионында өтетін кездесудің дәл есебін атады.
«Бұл кездесуде еуропалық команда фаворит. Швейцариялықтар бірінші ойында алматылық команданың тас-талқанын шығарған еді. 4 гол салып алған соң, қорғаныстқа қамалды. Ойнағысы келмеді. Соның салдарынан «Қайрат» еркін ойнай бастады. Нәтижесінде жерлестеріміз 2 гол салып, абыройсыз жеңілістен құтылды. Бірақ футбол мамандары «Базельдің» деңгейі бәрібір де жоғары екенін анық ұғынды. Босаңсығаны сол еді, 2 гол жіберіп алды. Демек қорғанысы қателеседі деген сөз. «Қайрат» өз алаңындағы ойында тағы да шабуылға лап қоятыны анық. Бірақ бұл жолы қорғанысты күшейтері де түсінікті. Дегенмен «Базельге» бұл матчта тек қана жеңіс қажет. Әйтпесе турнирлік кестеде қазір «Қарабах» бірінші тұр. Менің болжамым 1:2, «Базель» жеңіске жетеді», – дейді Мәулен Vesti.kz тілшісіне берген сұхбатында.
Еске салайық, Н тобында «Қарабах» (10), «Базель» (8), «Омония» (2) және «Қайрат» клубтары жайғасқан.