Белоруссиялық клубта ойнайтын қазақстандық шабуылшы өзінің туған күнінде дубль жасады
Құрамында қазақстандық шабуылшы Ислам Чесноков өнер көрсететін «Белшина» Беларусь Бірінші лигасының 32-тур ойынында «Лиданы» 5:1 есебімен ұтты.
Бүгін 22 жасқа толған қазақстандық шабуылшы Ислам Чесноков негізгі құрамда шықты. 20-минутта айып добын сенімді түрде орындап, 3 минуттан кейін бұл кездесудегі екінші голын соқты. Ислам Беларусь Бірінші лигасының ағымдағы маусымында 26 матч өткізіп, 7 гол соқты, 3 нәтижелі пас берді.
Чесноков «Белшинада» осы жылдың сәуір айынан бастап өнер көрсетіп келеді. Ол бұған дейін «Алтай» клубының намысын қорғап келді.
Осылайша, чемпионаттың аяқталуына бір тур қалғанда «Белшина» күміс жүлдеге қол жеткізіп, Беларусь чемпионатына мерзімінен бұрын шықты. Сондай-ақ, қарсыластар қақпасын 67 рет мазалап, лигадағы ең көп гол соққан команда атанды.