«Қайсардың» спорт директоры 10 млн теңге айлық ала ма?
Биылғы маусымның қорытындысы бойынша Премьер-Лигадағы орнынан айырылған «Қайсардағы» бірқатар лауазымды тұлғалардың айлығы белгілі болды.
«Тень отца Гурмана» телеграм-каналының мәліметінше, қызылордалық клубтың спорт директоры Талғат Сыздықов айына 8 миллион теңге жалақы алған. Ал бас бапкер Владимир Никитенконың айлығы 10 мың долларды құрайды-мыс.
Алайда «Қайсар» клубының баспасөз-қызметі аталмыш ақпараттың жалған екенін мәлімдеді.
«Республикалық спорт порталдарында клуб директоры Серік Досманбетов, спорт директоры Талғат Сыздықов және бас бапкер Владимир Никитенконың жалақысына байланысты тараған ақпарат негізсіз яғни жалған екенін жеткіземіз.
Ақпаратта көрсетілген жалақының ешбірі шындыққа жанаспайды. Сондықтан жанкүйерлер мен БАҚ өкілдерін клубтың ресми ақпаратына сүйенуін сұраймыз!», – делінген мәлімдемеде.
Тәжірибелі қазақстандық маман Владимир Никитенко қызылордалық команданы биыл жазда тізгіндеген. Бірақ отандық маман «Қайсардың» Премьер-лигадағы орнын сақтап қала алмады.