«Димаш екеуміз бірігіп, Қазақстан футзалына пайдамызды тигізгіміз келеді»
Ақтау клубының даму жөніндегі директоры Серік Жаманқұлов Prosports.kz сайтына берген эксклюзивті сұхбатында «Каспийге» қалай келгенін және ондағы міндеті қандай екенін айтып берді. Бір ай бұрын аяқталған әлем чемпионатын да назардан тыс қалдырмадық.
– Серік Түгелбайұлы, ойыншылардың сізге толық аты-жөніңізбен хабарласатынына үйреніп қалдыңыз ба?
– Иә, басында сәл ерекше болды, қазір бәрі жақсы, үйреніп қалдым (күлді).
– Осы жылдың көктемінде сізді Қазақстан құрамасының жейдесінде көрген едік, бапкер болуды қашан шештіңіз?
– Шынымды айтсам, жаттықтырушы боламын деген мақсат болған жоқ, бапкерліктен гөрі әкімшілік жұмысты жақсы көремін. Әрине, мансабым аяқталған соң футзалда қалғым келеді деп ойладым. Алаңа шықпай-ақ сүйікті ісіммен айналысып жатқаныма қуаныштымын.
– Ойыншы ретінде Литвада өткен әлем чемпионаты деңгейіне лайықты өнер көрсете алар ма едіңіз?
– Жоғары деңгейде өнер көрсетуге әлі де күш-қуатым болғанымен, мансабымды аяқтауды көптен бері ойлап жүрдім. Өзімді көптеген жағынан шектеуге тура келді, қалыпқа келу үшін көбірек уақыт қажет болды. Әрине, шыдауға болатын еді, бірақ дер кезінде дұрыс шешім қабылдадым деп ойлаймын.
– 2021 жылғы әлем чемпионатын қандай сезіммен тамашаладыңыз?
– Әрине, қарадым, тақымды қысып отырдым. Бір түйгенім – алаңда ойнағаннан гөрі, сырттан бақылау әлдеқайда қиын екенін түсіндім. Осы сәтті пайдалана отырып, жігіттерді әлем чемпионатындағы тамаша өнерімен тағы шын жүректен құттықтағым келеді. Олар бүкіл Қазақстанды қуантты!
– Бапкерлік білімді «Қайраттың» және ұлттық құраманың бапкері Какадан үйренгіңіз келетін сияқты едіңіз, бірақ басқа жолды таңдадыңыз. Неліктен?
– Негізі олай емес. Ойыншы болған кезімде мен әкімшілік лауазым туралы ойладым. Сұқбаттардың бірінде бапкерлік өнерді кімнен үйренгін келеді деп сұрағанымда, Какадан деп айттым. Маған оның әдістемесі, жұмысқа деген көзқарасы қатты ұнайды. Одан үйренерім көп – бұл шындық.
– Ақтаулық клубтың бапкерлік штабына кіруіңізге «Қайраттағы» және ұлттық құрамадағы көп жылғы серіктесіңіз Димаш Сүлейменов бапкер қызметінде жұмыс істеуі әсер етті ме?
– Әрине! Ол мені осында шақырды (күлді). Алаңда жүрген кезімізде болашақ туралы көп ойладық, Қазақстан футзалының дамуына қандай да бір ортақ үлес қосуды армандадық. Өйткені, Димаш екеуміз футзалдағы ұзақ мерзімді серіктес қана емес, өмірде де доспыз, сондықтан оның «Каспийге» шақыруын қабылдау бір ғанибет болды.
Достық қарым-қатынастан бөлек, өзімді дамыту және аймақта, бүкіл Маңғыстау облысында футзалды дамыту мүмкіндігі мені қызықтырды. Және бірлесіп көтерген жүк жеңіл, әрі қызықты.
– Димаш Сүлейменов, Аслан Смақов, Серік Жаманқұлов – отандық футзалдағы ең жас, оның үстіне толықтай қазақстандық бапкерлік құрамы бар. Тәжірибе жеткіліксіз болуы мүмкін деген қорқыныш жоқ па? Әлде, сіздің ойыңызша, жаттықтырушының жасы маңызды емес пе?
– Менің ойымша, бізде бапкерлік тәжірбие аз болса да, ойын тәжірбиесі жетеді. Басқа қай команданы Еуро жүлдегерлері мен УЕФА Чемпиондар Лигасының жеңімпаздары жаттықтырады? Қателік кетіп жатса, сабақ аламыз. Қай ісіміз дұрыс, қай ісіміз бұрыс екенін уақыт көрсетеді.
– Араларыңызда міндетер қалай бөлінген, кім жұмыстың қай саласына жауапты?
– Негізгі жаттықтырушылық жұмысты Димаш пен Аслан жүргізеді, мен оларға тек көмектесемін. Иә, мен жаттықтырушылар штабының мүшесімін, бірақ менің негізгі міндеттерім басқа.
– «Каспийде» даму менеджері лауазымына тағайындалдыңыз. Оның не екенін түсіндіре аласыз ба?
– Балалар командасы мен негізгі команданың жұмыс бағытын бақылау. Әрқашан Сүлейменов пен Смақовтың қасында болып, оларға көмектесемін. Облыстың түкпір-түкпірінен келген балалармен белсендірек айналысамын, жаттықтырушылармен байланыс орнатамын.
– Мен Димаш Сүлейменовпен сөйлескенімде, ол командаға Қазақстан кубогының финалына шығу міндеті қойылғанын айтты. Алайда, «Каспий» мұны орындай алмады. Неліктен деп ойлайсыз? Ал осы турнирдегі жалпы көрсеткішіңізді қалай сипаттар едіңіз?
– Мен барлығын мінбеден бақылап отырдым. Менің ойымша, орындалмаған тапсырма көбінесе кездейсоқ мәселе. Тым қатты асықтық, байсалдылық жетіспеді.
– Қазақстан Кубогындағы тапсырма орындалмай, ел біріншілігіне қойылған мақсат клуб басшылығы тарапынан түзетілмеді ме? Кемі екінші орын алып, Чемпиондар лигасына жолдама алу керек деген жоспар әлі де сақталып тұр ма?
– Иә, біз жоғары орын үшін таласамыз, Чемпиондар лигасында ойнау құқығын жеңіп алуға тырысамыз. Бұл тапсырмаларды ешкім жеңілдеткен жоқ, біздің маусымға арналған жоспарымыз осы.
– «Каспийге» бес үздік футболшыны шақыратын мүмкіндік болса, кімдерді шақырар едіңіз?
– Қақпада Игита, басқа кандидаттар тіпті талқыланбайды (күлді). Алаңда: Біржік (Біржан Оразов – Prosports.kz), Дәурен Тұрсағұлов, Дуглас және 2001 жылғы «Каспийдің» жас ойыншысы Нұрсұлтан Таңатұлы. Ол әлі қалың жұртшылыққа онша танымал емес, бірақ мен оның болашағынан зор үміт күтемін.
Қазақ тілінде осындай материалдар көп болғаны жақсы. Жәй жәй адамдар жинала бастайды Қудай қаласа.