«Қазақстан құрамасында ойнау үшін миллион еуро сұрады деген бос сөз»
Германиялық жартылай қорғаушы Роберт Бауэр Prosports.kz тілшісі Владимир Жарковқа эксклюзивті сұхбат беріп, Бельгия чемпионатына қалай ауысқанын және Қазақстан құрамасында ойнау мүмкіндігі жайлы айтты.
– Роберт, неліктен Бельгия чемпионатында бақ сынайтын «Сент-Трюйден» командасын таңдадыңыз?
– Тулалық «Арсеналмен» келісімшарт мерзімім аяқталды. Жаңа келісімшарт жасау туралы әңгіме болды, мен де келістім, бірақ отбасылық мәселе туынады. Үлкен қыздарым қазір мектепте оқиды, ал Тулада халықаралық мектеп болмады. Маған ол жақ қатты ұнағанымен, жеке себептерге байланысты көшуге тура келді.
Неге Бельгия чемпионатын таңдадым? Лига жақсы, деңгейі жоғары. «Сент-Трюйденді» неміс маманы жаттықтырады (Бернд Холлербах – Prosports.kz). Клуб мені қатарға қосу үшін жаз бойы тырысып, жиі телефон соғып тұрды. Әу баста «Спартакқа» ауысу нұсқасы болғандықтан, оларға жауап бермедім. Бірақ соңында Еуропаға оралуға бел будым, жақсы лигаға келдім. Менің ойымша Ресей чемпионатына ұқсайтын сияқты. Қазір бәріне ризамын.
– Биыл күзде сіз Қазақстан төлқұжатын алып, біздің құрамада өнер көрсетеді деген ақпарат шыққан еді. Осы жұмыс қалай жүріп жатыр?
– Қазақтан төлқұжатын алуға келсек, ол жұмыс күнтәртібінен түскен жоқ. Әлі де құжат аламын деген үмітім бар. Бірақ қазірше жөні келмей жатыр.
– Сіз немесе агенттеріңіздің Қазақстан футбол федерациясынан ұлттық құрамада ойнау үшін 1 миллион еуро сұрағаны рас па?
– Мен бұған дейін де миллион еуро талап етпегенімді, әрі ешқашан олай істемейтінімді айтқанмын! Бұқаралық ақпарат құралдарындағы осы ақпараттың қайдан шыққанын да білмеймін. Ұлттық құрамада ойнау – үлкен құрмет. Демек, мұның бәрі бос сөз.
– Қазақстан құрамасында ойнаудан үміт үздіңіз бе? Құрама матчтарын назарда ұстайсыз ба, егер құрамада ойнасаңыз оны күшейте аламын деп ойлайсыз ба?
– Егер төлқұжат жыры шешілсе, Қазақстан құрамасында қуана ойнаймын. Құраманың нәтижелерін қадағалап отырамын, тәжірибем мен шеберлігімнің арқасында команданы күшейте алатыныма сенімдімін.
– Тағы бір қазақстандық неміс Александр Меркель Қазақстанда ойнағысы келетінін, әрі әйелі мен қызын ата-анасы туып-өскен елдің мәдениетімен, әдет-ғұрпымен таныстырғысы келетінін айтты. Сіз де осындай ойдасыз ба?
– Александр Меркельдің сөзінің жаны бар. Менің отбасым қазақстандықтардың мәдениеті мен тағамдары жайлы аздап біледі: мәнті, тұшпара, ет асу, пирожки. Қызым «Ну, погоди!» мультфильмін көреді (күледі). Қазақ және орыс музыкасын тыңдаймыз. Қазақстан құрамасы сапында алаңға шықсам, керемет болар еді. Отбасым елді көріп, ойында маған қолдау көрсетер еді.