«Тараз» бапкері: «Біз команданы әрқашан жеңіске жету үшін дайындаймыз»
Жамбылдықтар соңғы турда «Қайсармен» кездеседі.
«Тараз» клубының бас бапкерінің міндетін атқарушы Сергей Тагиев Қазақстан кубогінің 1/4 финалында «Шахтерге» қарсы өткен қарымта ойын (1:3) жайлы пікір білдірді, деп хабарлайды клубтың ресми сайты.
– Сергей Рустамович, өткен матчта команданың негізгі құрамдағы ойыншылары болмады. Оларсыз қиын болған жоқ па?
– Расында да, бірқатар ойыншылар негізінен алдыңғы матчтарда алған жарақатына байланысты ойынға қатыспады, ал Абзал Таубай сары қағазды көп алуына байланысты қатыса алмады. Әрине, бұл жігіттердің жоқтығы білінді, өйткені олар біздің команданың бір бөлігі. Бірақ жігіттер қолдан келгеннің бәрін жасады.
– Соған қарамастан, есеп өте ұзақ уақыт бойы тең болып тұрды, егер пенальти берілгенде, алға шығуымыз мүмкін еді...
– Менің ойымша, деңгейлес екі команда ойнады. Біз допты жақсы бақыладық, қорғаныстан шабуылға жақсы шықтық. Екінші таймда Әлішер Сүлейде керемет мүмкіндік болды. Егер ол сол кезде барын салғанда, ойын мүлдем басқаша аяқталатын еді. Бірақ бұдан кейін қарсылас гол соғып, ойынның тағдырын өзгертті. Негізінде, барлық жігіттер барын салды, оларға бұл үшін рахмет!
– Соңғы турда жеңіске жетуіңіз мүмкін бе?
– Біз команданы әрқашан жеңіске жету үшін дайындаймыз. Біз ең алдымен жанкүйерлер үшін ойнаймыз және олар үшін барымызды саламыз. Бізге өте жақсы нәтиже керек, өйткені бұл чемпионаттың соңғы ойыны. Маусым бойы бізбен бірге болған барлық жанкүйерлерге алғыс айтқым келеді.