2 мин.

«Еуродағы тобымыз қиын, бірақ плей-оффқа бірінші орынмен шығуға тырысамыз»

ҚФФ Атқару комитеті жанындағы Футзал комитетінің төрағасы Қайрат Оразбеков Қазақстан құрамасының құрлықтық біріншіліктегі мақсаты туралы айтып, ұлттық құрамамыздың топтық кезеңдегі әр қарсыласы туралы өз пікірін бөлісті, деп хабарлайды Prosports.kz.

– Қазақстанға бір кездері азулы болған Италия, жүйкемізді тоздырған Словения және Еуро дебютант Финляндия түсті. Жеребені қалай бағалайсыз?

– Бізге өте күрделі топ түсті. Егер жеребенің бәрін бағаласақ, онда «ең оңайы» Ресейде, ең қиыны Португалияда. Бізге португалиялықтардан кейін екінші ең қиын квартет түсті. Менің ойымша, Италия, ең алдымен, 2014 жылдан бастап барлық турнирдегі сәтсіздіктері үшін өзін ақтауға тырысады. Сол жылы олар Еурода алтын медаль алған, бірақ содан кейін ештеңе болмады. Әрине, олар Еуро-2016 ширек финалында сенсациялық түрде «ұшырып жіберген» Қазақстаннан есе қайтаруға ұмтылады.

– Құрама осындай топта қандай мақсат қоя алады?

– Қазақстан футбол федерациясы біздің алдымызға Еуропа чемпионатының финалына жолдама алу үшін топтан бірінші орынмен шығу міндетін қойып отыр. Бұл қиын, бірақ орындалатын міндет, біз оны орындаймыз.

– Екі ірі турнирдің - әлем чемпионаты мен Еуроның арасында төрт айға жуық уақыт бар. Қазақстандықтар мұндай қарқынға шыдай ала ма?

– Қарқын жоғары екенімен келісемін: Әлем кубогы, Қазақстан кубогы, Чемпиондар лигасының негізгі және элиталық кезеңдері және Еуро-2022. Бірақ мұндай жоғары деңгейде ойнай отырып, жігіттер тек психологиялық тұрғыда күшейе түседі. Физикалық дайындыққа қатысты барлық нәрсе дәрігерлерге, массажшыларға және физикалық дайындық бапкерлеріне байланысты болады.

– Әлем чемпионатындағы табыс ұлттық құрамаға қысым жасай ма? Өйткені, жанкүйерлер қазір команда жақсы нәтижеге жетеді деп күтіп отыр.

– Менің ойымша, моральдық және психологиялық тұрғыдан алғанда, команда Еуроға 100 пайыз дайын болады. Біз тек бір нәрседен қорқамыз – күтпеген жарақаттар. Мысалы, әлем чемпионатынан кейін Дуглас, Біржан Оразов пен Дәурен Нұрғожин жарақат алды, оларға операция жасалды, енді кем дегенде 3-4 ай сауығуы қажет. Бізге Лео сауығып, Еуропа чемпионатына физикалық тұрғыдан дайын болғаны керек. Сондықтан бізде тек осы жағынан мәселелер бар.

– 2014 жылы Италия Еуропа чемпионатының алтын медалін алды, бірақ екі жылдан кейін ширек финалда тоқтады. Еуропаның сол кездегі чемпиондарын Қазақстан құрамасы (5:2) ұшырып жіберген. Бұл ойыннан қандай әсер қалды?

– Бұл матчта Қазақстан құрамасы өз әлеуетін толық көрсетті, команда өте ынталы болды. Бұл Испанияға қарсы жартылай финалда да қайталанды. Сол матчта мен испан футзалшылары алаң ортасынан шықпай, өз жарты алаңында қорғанғанын бірінші рет көрдім.

Қарсылас пенальти сериясына жетуге тырысты - мұнда олар шынымен мықты. Бірақ пенальтиде біз бір ғана гол соға алмадық. Дегенмен, ойынның қарқыны мен деңгейі жоғары болғаны соншалық, көрермендер Қазақстан құрамасын қошеметпен шығарып салды.

– Словения мен Финляндия құрамалары туралы не айта аласыз?

– Словения - суперкоманда, маған қатты ұнайды. Бір жыл бұрын біз олармен ойнап, Дәурен Тұрсағұловтың оң қапталдан соққан голының арқасында жеңісті жұлып алған едік. Сондықтан словениялықтар кез келген қарсыласты таңғалдырып, тең жағдайда ойнай алады.

Финляндия – жас, мығым команда. Жергілікті федерация футзалды дамытуға тырысып жатқаны, бұл спорт үшін көп жұмыс атқарылып жатқаны қуантады. Финн футзалшыларының болашағы зор деп ойлаймын.