«Невада-Семей» аренасы: Семейде жабық футбол манежі салынуы мүмкін
Семейде өңірде футболдың дамуына ерекше үлес қосқан спортшылар бейнеленген панноның салтанатты тұсаукесері өтті. Паннодағы жазу мынадай: «Семей – қазақ футболының отаны».
Бастаманы Qazaq Geography республикалық қоғамдық бірлестігі қолдады. Семейдегі бірлестіктің өкілі Аркадий Резниктің айтуынша, паннода бейнеленген Мұхтар Әуезов, Андрей Пинчуков, Олег Литвиненко және тұсаукесерге арнайы келген «Қызыл-Жар» ФК бас бапкері Андрей Карпович – төрт дәуірдің өкілдері. Бір кездері олар Семейдеің «Ярыш», «Спартак», «Елімай» және «Алтай» командаларында доп тепкен.
Дәл осы Семей өңірінде 1912-1913 жылдары Қазақстан аумағында алғашқы футбол командалары құрылды, атап айтқанда «Нептун», «Олимп», ССК, «Спорт», «Феникс», «Марс» және түркітілдес жастардың алғашқы футбол командасы «Ярыш» құрылған.
Аймақтағы футбол тақырыбының жалғасы есебінде айта кетсек, бір ай бұрын QazaqGeography бірлестігі Семей қаласында жаңа жабық футбол манежі – «Невада-Семей» аренасына салуды қаржыландыруға UEFA қорына өтінім берген.
Конкурстық комиссияның оң шешімі қабылданған жағдайда, мұндай әлеуметтік жобаның ядролық сынақтардан зардап шеккен және экология тұрғысынан зиян көрген өңірдегі спортты қолдаудың бір қыры деуге негіз бар.
Бұл жобаның басты мақсаты – қаланың жас спортшыларына 365 күн бойы футбол ойнауға мүмкіндік беру, футбол спортын ілгерілету, сонымен қатар ағартушылық жұмыс арқылы қоғамның өңірді экологиялық дамуға деген назарын арттыру.
Өтінім нәтижелері қараша айында белгілі болады.