Полиция «Каспий» – «Астана» матчындағы тәртіпсіздікке қатысы бар бес белсенді жанкүйерді ұстады
Маңғыстау облысының Полиция департаменті Ақтау қаласында жергілікті «Каспий» «Астананы» қабылдаған футболдан Қазақстан кубогының ширек финалдық ойынынан кейін болған оқиғаға қатысты түсініктеме берді.
«2021 жылы 22 қыркүйекте сағат 17.00-ден 19.30-ға дейін «Мұнайшы» стадионында «Каспий» (Ақтау) мен «Астана» (Нұр-Сұлтан) командалары арасында футбол матчы өтті.
Полиция қызметкерлері футбол матчында қоғамдық тәртіпті қорғауды қамтамасыз етті.
Ойын нәтижесі стадионға келген жанкүйерлердің наразылығын тудырды.
«Каспий» командасының 2 жанкүйері төрешілер алқасы жаққа алаңға жүгіріп шықты және 2-3 минут ішінде оларды күзетшілер ұстап орындарына қайтарды.
Матч аяқталғаннан кейін «Каспий» ФК жанкүйерлері стадион сыртына жиналып, әр түрлі ұрандар айтып, барабан соғып, матч нәтижесіне наразылықтарын білдіре бастады. Сонымен қатар, «Астана» ФК автобустарының өтуіне кедергі жасауға тырысты.
Жанкүйерлер тобы полиция қызметкерлерінің талаптарына назар аудармады. Оның ішінде барабаны бар 5 белсенді жанкүйер ұсталды, олар профилактикалық әңгіме жүргізу үшін Ақтау полиция бөліміне жеткізілді.
Белсенді жанкүйерлер қамауға алынғаннан кейін қалған көрермендер тарай бастады.
«Астана» командасының футболшылары бар екі автобус қонақүйге полиция күзетімен жолға шықты, жеткеннен кейін қонақ үй ғимараты күзетке алынды».