2 мин.

Рикардо Кака Әлем Чемпионаты жайлы: Рейтинг бойынша Қазақстан — фаворит

Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Рикардо Кака қыркүйек айында Литвада басталатын 2021 жылғы Әлем Чемпионаты қарсаңында баспасөз мәслихатына қатысып, тілшілердің сауалдарына жауап берді

— Ұлттық құрама – халықтың командасы. Сол себепті кез келген сауалға жауап беруге дайынмын. Біздің дайындық 9 тамыз күні Алматыда басталды. Оқу-жаттығу жиындарында жоспарланған жұмыстың 80 пайызын орындадық.

— Келесі аптада жаттығу жиыны Мәскеуде жалғасады. Сол жақта жолдастық кездесулер жоспарланған. Қарсыластар қалай таңдалды?

— Ең басты таңдау географиялық орналасуы арқылы жасалды. Осы жағынан Ресей жерінде ойнау ыңғайлы болды. Әрі қарай қарсыластарға таңдау түсті. Ең бастысы дүбірлі дода алдында жақсы тәжірибе жинау маңызды.

— Әлем Чемпионатының топтық кезеңдегі қарсыластардың деңгейін бағалай аласыз ба?

— Рейтинг бойынша Қазақстан — фаворит. Соңғы бес жыл ішінде футзалдың қарқыны үдей түсті. Көптеген спорттың даму деңгейі бірқалыпты болса, футзал жылдам дамыды. Сол себепті рейтингке қарамай, ойынның сапасына баса мән берген абзал. Коста-Рика іріктеу кезеңінде топ жарып шықты. Жарыс иелері Литва да күшін арттыра түседі. Жылдам ойыншылардан құралған Венесуэла кез келген қарсыласқа қиындық тудырады. Біздің топты әлсіз деп айтуға болмайды.

— Қазақстан құрамасы үшін ширек финалға шығу басты міндет пе?

— Кез келген бапкер ширек финалға шығу жоспарын қоймайды. Біз Әлем Чемпионатын жеңгіміз келеді. Біздің міндет әр ойынды жеңіспен аяқтау. Әр ойын — финал. Әрине, әр кездесудің оңай болмайтыны анық.

— Жарақатына байланысты Лео қатыса алмайды...

— Лео — көшбасшы. Оның команданың қатарында жоқ екені өкінішті, алайда біз тек алға жүреміз. Ең бастысы ұжымдық ойын көрсету. Ұжымдық рух арқылы қиындықтарды жеңе аламыз.

— Әлем Чемпионатының фавориттері кімдер?

— Бірінші — Ресей мен Бразилия. Испанияны ешқашан көшбасшылардың қатарынан шығаруға болмайды. Төртінші фаворит — Португалия. Әрі қарай тізімді Аргентина, Қазақстан және Иран жалғастырады.