2 мин.

Ұлттық құраманың біз күтпеген жетістіктері

Өткен ойындардан кейін Қазақстан құрамасының үздік екеніне ешкімнің күмәні жоқ шығар. Франция, Босния, Украина, Финляндия бар өлім тобында ойнап, 3 ұпай алу және Босниямен иық тірестіре орынды бөлісіп тұру - біз үшін үлкен қуаныш. Ең мықты деген, Әлем Чемпионатына әр 4 жыл сайын баратын құрамалармен тең ойнап қана қоймай, оларға әдемі голдарды салу - шеберлік емей немене?

Байсуфинов қызметке оралғанда барша қазақ қуанып еді, енді сол қуанышымыздың себебі де белгілі болды. Қазақты көтеретін қазақ қана екенін федерация түсінгендей, оған барлық жағдайды жасап берді. Тіпті, Олжас Абраевқа "құрамада ағасының арқасында доп теуіп жүргендер бар ма?"-деп, сұрақ қойғанда Олжекең "ұлттық құрамаға кіл мықтылар жиналады, ал оның тізгіні бас бапкерде, ол кімді шақырғысы келсе де өз еркі"-деген болатын. Сол сұқбаттан соң көбісі бәрібір де күмәнданды. Бірақ Маруаұлы құрамаға Жуковты қайта шақырғанда, таңырқап қалдық. Бір жағынан Георгий құрамаға тек бір кісінің айтуымен ойнап жүргенін айтты десек, екінші жағынан Польшада лайықты өнер көрсететін мықты ойыншы.

Украинамен болған матчта дәл Валиуллинның гол салып, үздік атанарын ешкім күтпеді. Алайда бапкер дұрыс құрам шығарып, бізді де, әлемді де таңырқатты. 96 минутта кірген голға эмоциямызды қалай шығарарымызды да білмедік.

Талғат бапкеріміз бізді таң қалдырудан жалықпай Финляндияға қарсы ойынға үш бірдей жаңа ойыншыны шығарды да, лайықты өнер көрсететіндерін байқатты. Бұл Маруаұлының "эксперименттері" сәтті өтуде деген сөз. Иә, біз жеңілдік, бірақ минималды есеппен. Біздің көңіл күйіміз түспеді, есесіне тағы бір көрсек екен, міндетті түрде жеңеміз деп үміттендік. Ал енді Босниямен ойнап, тең түстік. Тағы да соңғы сәттердегі әдемі гол. Айып соққысынан Зайнутдиновтың голы естен кетпес әсер сыйлады. Мықты құрамы жасақталған Босния құрамасы бізді тіпті менсінбеген де еді. Ол елдің БАҚ өкілдері матч тағдырын ойын алдында шешіп қойған. Дегенмен намысты жігіттеріміз кездесуге өздері нүкте қойды.

Талғат Байсуфиновтың құрған тактикасы іске асып, еңбегі ақталып жатқанына қуаныштымыз. Өзінің балаша қуанған сәттерін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.

Құрамаға соңына дейін сенейік. Құраманы сүй, оны қолда!