2 мин.

Кака: «Біз Әлем чемпионатын жеңгіміз келеді»

🎙 Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Пауло Рикардо Кака қыркүйек айында Литвада басталатын 2021 жылғы Әлем Чемпионаты қарсаңында баспасөз мәслихатына қатысып, журналистердің сауалдарына жауап берді:

💭 Ұлттық құрама – халықтың командасы. Сол себепті кез келген сауалға жауап беруге дайынмын. Біздің дайындық 9 тамыз күні Алматыда басталды. Оқу-жаттығу жиындарында жоспарланған жұмыстың 80 пайызын орындадық.

❓ Келесі аптада жаттығу жиыны Мәскеуде жалғасады. Сол жақта жолдастық кездесулер жоспарланған. Қарсыластар қалай таңдалды?

💭 Ең басты таңдау географиялық орналасуы арқылы жасалды. Осы жағынан Ресей жерінде ойнау ыңғайлы болды. Әрі қарай қарсыластарға таңдау түсті. Ең бастысы дүбірлі дода алдында жақсы тәжірибе жинау маңызды.

❓ Әлем Чемпионатының топтық кезеңдегі қарсыластардың деңгейіне бағалай аласыз ба?

💭 Рейтинг бойынша Қазақстан – фаворит. Соңғы бес жыл ішінде футзалдың қарқыны үдей түсті. Көптеген спорттың даму деңгейі бірқалыпты болса, футзал жылдам дамыды. Сол себепті рейтингке қарамай, ойынның сапасына баса мән берген абзал. Коста-Рика іріктеу кезеңінде топ жарып шықты. Жарыс иелері Литва да күшін арттыра түседі. Жылдам ойыншылардан құралған Венесуэла кез келген қарсыласқа қиындық тудырады. Біздің топты әлсіз деп айтуға болмайды.

❓ Қазақстан құрамасы үшін ширек финалға шығу басты міндет пе?

💭 Кез келген бапкер ширек финалға шығу жоспарын қоймайды. Біз Әлем Чемпионатын жеңгіміз келеді. Біздің міндет әр ойынды жеңіспен аяқтау. Әр ойын – финал. Әрине, әр кездесудің оңай болмайтыны анық.

❓ Жарақатына байланысты Лео қатыса алмайды...

💭 Лео – көшбасшы. Оның команданың қатарында жоқ екеніне өкінеміз, алайда біз тек алға жүреміз. Ең бастысы ұжымдық ойын көрсету. Ұжымдық рух арқылы қиындықтарды жеңе аламыз.

❓ Әлем Чемпионатының фавориттері кімдер?

💭 Бірінші – Ресей мен Бразилия. Испанияны ешқашан көшбасшылардың қатарынан шығаруға болмайды. Төртінші фаворит – Португалия. Әрі қарай тізімді Аргентина, Қазақстан және Иран жалғастырады.