ҚПЛ-да тәжірибелі бапкер жұмыс істейді
69 жастағы Бердыев — ресейлік клубтармен жетістікке жете білген тәжірибелі маман.
Оның «Рубинмен» Камп Ноуда «Барселонаны» жеңіп, Еуропа Лигасының 1/16 раундында «Атлетикодан» өтіп, Жозе Моуриньо баптайтын «Интермен» тең түсуі футбол жанкүйерлері үшін үлкен сенсация болғаны сөзсіз.
Алайда, бұл оның барлық жетістігі емес. Бапкерлік қызмет кезінде ол «Нисамен» Түрікменстанның чемпионы атанып (1998/99), ел кубогын де ұтып алған (1998).
2001 жылы Құрбан Ресейдің «Рубиніне» бапкер болып келеді. Оның барлық жетістігі мен тәжірибелігі осы клубта қалыптасты. 2002 жылы «Рубинді» Премьер Лигаға алып шықты. Араға бір жыл салып, лиганың қола жүлдесін жеңіп алды. Екі дүркін Ресей чемпионы атанды (2008, 2009). Ол «Рубиннің» өзінде 7 трофейді еншіледі.
2013 жылы қазандық клубтан кетіп, «Ростовқа» ауысты. «Сары-көктермен» бірге РПЛ-дың күміс жүлдесіне ие болды (2015/16). 2017 жылы «Рубинге» оралып, жүлде ұта алмаған соң, 2019 жылы бапкерлік қызметін уақытша аяқтай тұрды.
Арада 2 жыл өтті. Оған мәскеулік «Спартак» пен «Динамодан» да, тіпті Ресей құрамасынан да жақсы ұсыныстар түсті. Ол ұсыныстарды қабылдамай, өзінің бұрынғы клубы «Қайратқа» оралды.
Алғашында ол клуб басшылығының кеңесшісі болып сайланды. Ол бұл қызметте мамыр айынан бері істеді. Кейбір ақпараттарға сүйенсек, Кирилл Кекер команданың жаттықтырушысы болғанымен, ойынның тактикасын Бердыев жасап беріп отырған. ЧЛ-дағы және ЕЛ-дағы сәтсіздігіне байланысты қызметінен кеткен Кекердің орнына енді өзі тағайындалды.
Құрбан Бердыевтің тәжірибелі маман екендігі сөзсіз. Оның «Қайратпен» де жетістікке жете алатындығына сенім мол. Алайда, келісім-шарт тек маусым соңына дейін жарамды. Егер екі тарап қаласа шартты тағы екі жылға ұзартуға болады.