1 мин.

Андрей Карпович: «Сәтсіздікке ұшыраған жаттықтырушыға сенім артқаны үшін рахмет айтамын»

Карпович өткен жылғы сәтсіздіктен сабақ алып, үлкен жетістікке жетті.

«Қызыл-Жардың» бас бапкері Андрей Карпович өзінің Instagram парақшасында Премьер-лиганың өткен маусымын қорытындылап, «Оқжетпестегі» сәтсіздігін еске алды.

– 14 клубтың ішінен 4-ші орынға ие болдық. Қарапайым мүмкіндіктермен. Және, шын мәнінде, ешкімнің үздік үштікке таласа алмайтынын ескерсек, қалған командалардың арасында үздік атандық. Ал менің дәл осы хабарламамның астында мақтау сөздердің көп болуы заңдылық.

Бірақ мен нашар хабардан бастайын. Жеке өзіме қатысты. Өздеріңіз білесіздер, былтыр теріс нәтиже көрсетіп, «Оқжетпесті» құтқара алмадық. Бұл шынымды айтсам, менің намысыма үлкен соққы болып тиді. Бапкердің жұмысы тек жеңістен тұрмайтынын әрқашан түсіндім. Өте ауыр жеңілістер де болып тұрады. Ал биыл мен көп ойланып, барлығын ой елегінен өткіздім.

Осы маусымда «Қызыл-Жарға» қатысы болған барша адамдарға алғыс айтамын. Сәтсіздікке ұшыраған жаттықтырушыға сенім артқаны үшін рахмет айтамын. Команданы қолдағаны үшін Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігіне, жаттықтырушылар құрамы мен команда қызметкерлеріне кәсібилігі мен сапалы жұмысы үшін және футболшыларға беріліп ойнағаны үшін, менің барлық талаптарым мен көзқарастарыма шыдап, қабылдағаны үшін алғыстан басқа айтарым жоқ. Бапкер үшін ойыншылардың тыңдауы және түсінуі өте маңызды.

Ал «Қызыл-Жардың» жанкүйерлеріне ерекше рахмет. Сенім үшін. Бастапқыда қатты сенбесе де, өткен маусымды қалай аяқтағанымызды ескерсек, бұл біз күткен нәрсе болды. Бірақ олар бізге жыл бойы сеніп, ыстықта да, суықта да қолдады. Сізге осылай қолдау көрсетілсе, жеңіске жету оңайырақ болады. Барлығына үлкен рахмет!