1 мин.

Сергей Тагиев: «Чемпионат барысында мен бірінші алтылықта болатынымызға сендім»

«Тараз» маусымды оныншы орынмен аяқтады.

«Тараздың» бас бапкерінің міндетін атқарушы Сергей Тагиев қызылордалық «Қайсармен» өткен матчты (1:2) қорытындылады: 

– Сергей Рустамович, команда ойын алдында қандай мәселелерге тап болды және нәтижеге не әсер етті? 

– Матчқа штаттық режимде дайындалдық, бірақ Қарағандыдағы кубоктік матчтан кейін Берік Шаихов пен Эривалдо қатардан шығып қалды. Сонымен қатар Мақсат Әмірханов, Елдос Ахметов, Бауыржан Байтана, Марат Шахметов матчқа жарақатпен қатысты. Сондай-ақ жеті күнде үш ойын өткізу оңай емес. Кубоктік ойыннан кейін толықтай қалыпқа келіп үлгермедік және бұл нәтижеге жарақаттар әсер етті. Маусымдағы соңғы ойын болған соң жігіттер жанкүйерлер алдында тырысты және қолдан келгеннің бәрін жасады.

Матч басында қақпашымен бір-бірге шығып, гол соғуға мүмкіндігіміз болды, бірақ гол соқпадық. Екінші таймда қорғаныста екі рет кешірілмес қателік жібердік. Ойыншыларды алмастыру арқылы ойынды жаңартуға тырыстық, бірақ күшіміз бір голға ғана жетті. 

– Обилор қосалқы құрамда отырды, бірақ ол ойынға қатыспады.

– Ойын алдында команда дәрігерімен бірге оның тізесін тексердік, әлі ісіп кеткен. Соған қарамастан, ол алаңға шыққысы келді, бірақ біз оның денсаулығына қауіп төндіргіміз келмеді. Жарақаттың қайта сыр беруі мүмкін еді.

– «Тараз» 10-шы сатыдан жоғары орынға көтерілуі мүмкін бе еді?

– Чемпионат барысында мен бірінші алтылықта болатынымызға сендім. Мүмкіндігіміз де болды. Егер кейбір ойындарда ұпай жоғалтпасақ, онда мүлдем басқа орында болар едік.