5 мин.

Байсұфиновтың құрамасы. Неліктен бәрі біз ойлағандай тамаша емес

Украинамен болған екі тең ойыннан эйфорияға ұшырап кеткен жоқпыз ба? Анықтап көрелік.

Талғат Маруаұлы Байсұфинов

Жеңіссіз жол

Расында да, Маруаұлы құрама тізгінін ұстағанда дені қазақтың қуанғаны мәлім. Алайда, біреу білсе, біреу білмес, Қазақстан ұлттық құрамасы Байсұфиновтың басшылығымен өз тарихында ресми матчтарда бірде-бір рет жеңіске жетіп көрген емес. Талғаттың тәлімімен тек екі жолдастық кездесуде ғана басым түсіппіз, оның біріншісі Әзірбайжан болса, екіншісі бес жыл бұрын, яғни 2016 жылы, сырт алаңда Қытайды 0:1 есебімен тізе бүктірген кез. Иә-иә, Ұлан «сынып қалатын» матч ше. Есіңізде ме?!

Жалпы алғанда, бұл бапкерсіз де ұлттық құрамамыздың Әлем чемпионатына іріктеу матчтарында жеңіске жетпегеніне биыл 8 жыл толыпты. Бақандай сегіз жыл! Соңғы рет мундиальдың квалификациялық додасында 2013 жылдың тап осы қыркүйек айында өз алаңымызда Фарер аралдарын 2:1 есебімен әрең жеңіппіз. Тіпті сол команданы бүгінде есімізден шыға бастаған чех маманы Мирослав Беранек баптаған да болатын. Болды, сол кезден бері мылқау тыныштық.

Андрей Финонченко ұлттық құрамада

Фарер қақпасына гол соққан Қайрат Нұрдәулетов пен Андрей Финонченколар әлдеқашан футболшылық мансаптарын аяқтап, жаттықтырушы болғалы неше жылдың жүзі, ал құрама болса әлі де жеңіс дәмін тата алар емес. Өкінішке қарай, бұл үрдіс қазіргі бас бапкер Байсұфиновтың тұсында да жалғасын тауып отыр.

Бұған дейінгі іріктеуде де Талғат мырза Румыниямен (0:0) және Польшамен (2:2) тең түсіп, айды аспанға бір шығарғаны есімізде. Бірақ кейіннен Қырғызстаннан (0:2), Черногориядан (0:5) және Даниядан (1:4) масқара болып ұтылып өз орнын дереу босатқан. Сол себепті ән салуға әлі ерте.

Финляндиядағы «финиш»

Күтпеген жерден топ фавориті болып саналатын Украинадан қос тең нәтижені жұлып әкетіп келіп, финдерге турист болып барғанымыз біртүрлі көзге оғаш көрінгені сөзсіз. Екі кездесуде Шевченко-Петраков ұжымдарын құдай қарасып сан соқтырғанда таңдай қағысып, ұлттық құрамаға деген үмітіміз ояна бастағандай еді. Бірақ бапкердің Нұр-Сұлтандағы сөздерінен-ақ финдерге ұтылыс үшін бара жатқанымыз сезіліп тұрды. Сезіктеніп қалдық.

Финляндияға қарсы сырт алаңдағы матчта

Сенім болмады. Тек үш ойындағы екі ұпайға көзіміз түсіп, ішіміз жылып отырды. Не болса, о болсын, Байсұфинов бапкер барлығын бағамдап-біліп отыр-ау, бір ойлағаны бар деп топшыладық. Алайда іс жүзінде Хельсинкиге ұшып барған қосалқы құрамдықтар үкілеген үмітті ақтамады, бірақ бұған бас жаттықтырушының да аса қайғыра қоймағаны көрінді. Туған күні болатын. Похьянпалоның голын матчтан соң мақтаған бапкердің пайымынша финдерге әдейі резервпен жол беріп я сәттілікпен жеңіп кетіп, Боснияда негізгі құраммен соққы бермекпіз. Бұл жоспары жүзеге асса құба-құп қой, бірақ екіталай дүние. Себебі жобасының бір шеті Финляндияда сыр берді, мәресіне жетті.

Ротация үшін ротация

Біздіңше, отандық футбол тарихында биылғы іріктеу кезеңіндегі топтан қолайлы топ болған емес құрамамыз үшін. Әрине, «ас ішер кезде тәбетіміз ашыла түсті». Бірақ кеше ғана өткен Еуропа біріншілігінде ширек финалға дейін атой салған украиндардан төрт ұпай тартып алып, әлем чемпиондары француздарға да, мығым да мықты финдерге де біршама қарсылық көрсете алатын қауқарда емеспіз бе. Бірінші орынмен Дешам шәкірттері шықсын делік, алайда екінші орын үшін біраз айқас жүргізуге болатын еді.

Мақсат Тәйкенов дебюттік кездесуінде

Десек те, жоғарыда айтқанымыздай, алдын ала жеңіліп барған біздер қажет емес кезде ротация жасауды ұйғардық. Міндетті ротация емес. Ротация жасады деген сөз үшін ұсынылған ротация бұл. Орынсыз дебюттер. Валиуллиннің ойны жүріп тұрғанда, оның орнына Тәйкеновты шығарудың маңызы қаншалықты? Жоқ, Мақсат та, әлгі Айдос Тәттібаев та, Самат Жарынбетов те лайықты емес демейміз. Неліктен тап қазір? Бастапқы құрамды сұрыптау өз алдына, капитанды қорғаушы емес, шабуылшыдан тағайындау қаншалықты расталды. Осының барлығы да, қателессек кешірім сұраймыз, популистік әрекетке көбірек ұқсайды. «Ротация бар, дебют бар, капитан жаңа» деген сөздер үшін ғана. Ал нәтиже ше? Финляндиямен тең түсіп, я негізгі құраммен жеңіп кеткенде, мінеки, Маруаұлының нағыз еңбегі сонда көрінген болар ма еді. Ал қисынға салсақ, келесі матчта енді Марочкин демалатын шығар ә?!

Игорь Шацкий және Александр Марочкин

Асыра ашықтық

Негізі, 2020 жылдың аяғында «құрамада тегін жұмыс жасауға дайын» 53 жасар Байсұфинов бапкер командаға қайта оралғанда, қазақтілді сұхбаттардан қашқақтау мәселесі орын алған еді. Жаңа жаттықтырушының журналист Нұрсұлтан Құрман және Асқар Хамиденнің қатысуымен өткен подкастқа келмей қалғаны біршама шу тудырған еді. Ізінше, Гайдамакин атты спорт шолушысына орыс тілінде сұхбат берген Байсұфинов «мен құрама дайындығы бойынша көп нәрсе айтпауды жөн көремін, себебі қарсыластар біліп қалады» деген сыңайдағы сөзімен бір күлдірген. Жарайды дедік. Бірақ Украинамен болған соңғы матчтан кейін ковидтен теріс нәтиже көрсеткен Маруаұлы қуаныштан көсіле сөйледі ме, кім білсін, Финляндияға қарсы құрамның 80%-ға жаңартылатынын жайып салды. Сонда әлгі айтқан құпиялылығы қайда қалды.

Байсұфинов финдермен ойын кезінде

Әу баста ана тіліміздің айналасындағы «айғайдан» соң белгілі комментатор Ермұхамед Мәуленге сұхбат берген Байсұфиновтың қасына көп ұзамай сол Ермаш та баспасөз хатшы болып орналасқаны тағы бар. Бәлкім, содан да болар, бас бапкердің кешегідей ашықтығының арқасында аса маңызды кездесудің алдында қарсыласқа барлық сырымыз аңырайып ашылып қалды.

Өйткені құрамның жаңартылатынын және дебютанттар болатынын айтып ойнау бір бөлек те, айтпай ойнау – мүлде бөлек әңгіме. Кім білсін, сірә, мундиальға шығатын мүмкіндік те қолымыздан сусып кеткен шығар?! Жан-жаққа жалтақтап, асыра алаңғасарлықтан гөрі визасыз жүрген Зайнутдиновтардың мәселесі дер кезінде шешілмей қалды. Федерациядағылардың «олар бізден қорқады, күшті ойыншыларымызға ғана қасақана виза бермей отыр» дейтіні баланың ертегісіндей естіледі екен.

Келесі қарсылас – Босния және Герцеговина. Сары майдай сақтап, финдерге қимай отырған негізгі құрам аяқдопшылары Джеко, Пьянич және Колашинацтарға қарсы лайықты тойтарыс бере алса нұр үстіне нұр болар. Ал егер олай болмай шықса, қалған матчтарда тек жолдастық сипатта ғана өнер көрсетіп, ротацияның көкесін танытып, дебюттердің түбін түсірмеске амал қалмайды.

Жақсылыққа сенейік..