Реклама 18+

Елжан Шынар. Қытай қазағы Ла Лигаға ауысуы мүмкін

Жақында «Астана» сапында қытайлық қазақ қақпашы Ержет Ерзатұлының қаралымда жүргені жайлы ақпарат шыққан еді. Қытай Суперлигасында жарқын өнер көрсетіп жүрген тағы бір қандасымыз Елжан Шынарды да футболсүйер қауымға танытуды жөн көрдік.

Алтай аймағының асылы

Қытайдың жоғары лигасында Елжан Шынар деген тарихи отандас футболшы қазағымыздың ойқастап жүргенін, шынын айтқанда, жақында ғана естіп, білдік. Сөйтіп, ақпарат ақтара келе, Елжан турасында мәліметтің тапшы екеніне көз жетті. Қытайлық ресурстарды бір шолып өтіп, одан қалды таныс-біліс қытайлық қазақтармен байланысқа шығып, Елжанның Шыңжаңда (Фухай округі) туғанын анықтадық (ШҰАР Алтай аймағына қарасты Бұрылтоғай ауданы). Әрине, аумалы-төкпелі замандарда Қазақстанның шығысына, Жүңгөнің (Қытай) батысына қарай ойысқан ата-бабаларымыздың сол маңдарға қоныс тепкенін тарихтан жақсы білеміз. Сол себепті бұл мағлұматқа күмәніміз аса бола қоймады. Алайда қытайлық Уикипедияда футболшының туған жері Шанхай деп те көрсетілген.

Елжанның жасы жақында 22-ге толды. Бойы 1,78 см. Позициясы – қорғаушы, соның ішінде оң қаптал қорғанысына жауап береді. Оңқай. «Сичжуан» сапында доп тебе бастаған Елжан көп ұзамай, 2019 жылы қаралымнан өтіп «Шенчжен Кайса» клубына ауысады. Қазір командада ол 2-нөмірмен ойнайды.

Шыңжаңнан Шенчженге дейін

Бастапқыда «Шенчженнің» қосалқы құрамында, яғни U21 командасында ойнап жүрген Елжан өзін жақсы қырынан танытып, негізгі құрамнан орын алады. Тіпті 2019 жылдың 17 шілдесінде Елжан Қытай Суперлигасында сол жақ қорғаушының рөлінде дебюттік ойнын өткізеді. Бір қызығы, қарсылас команда сапында «Чунцин Атлетиктің» қақпашысы болып келесі бір қазақ Ержет Ерзат ойнап, оның командасы 0:2 есебімен жеңіске жетеді.

Ханзу еліндегі баспасөздер қос қазақтың екі команда қатарынан қосылуын сол кезде жарыса жазған екен. Сол маусымда испандық Лопес Каро мен италиялық белгілі бапкер Роберто Донадонидің басшылығымен 10 кездесу өткізген Елжан келесі жылы жарақатынан жөнді айыға алмай, бейжіңдік «БСУ» клубына жалға беріледі.

Бейжіңге бейім

Бейжің Солтүстік Спорт Университетіне (БСУ) жалға ауысып келген Елжан Қытайдың Бірінші лигасында 15 шақты ойынға (1335 минут) қатысады. Бір айта кететін жайт, оның алдыңғы маусымда бұл команда құрамында қазақ жанкүйеріне жақсы таныс ивуарлық шабуылшы экс-қайраттық Жерар Гоу дүркіретіп өнер көрсетіп, түріктің «Қасымпаша» клубына ауысып кеткен еді. Бірақ ауысарға дейін, біздегі ақпаратқа сүйенсек, екеуі 2020 жылғы оқу-жаттығу жиыны барысында «БСУ» сапында бірге доп тепкенге де ұқсайды. Жерардан сол уақытты пайдаланып, алматылық команда туралы, жалпы қазақ елі жайында азды-кем мән-жайды сұрап та қалған шығар. Кім білсін.. Қытай астанасының командасында біршама толысқан Елжан туып өскен елдің жасөспірімдер және жастар (U19, U20, U21) құрамасына шақыртылып, тіпті капитан міндетін де оқтын-оқтын атқара бастайды. Ал қазір болса Қытайдың U22 жастар құрамасына шақырту алып жүр екен. Бұл ұлттық құрамаға арналған резервтік команда деп ұқтық.

Кройффтың көрегендігі

Бейжіңнен 2020 жылдың аяғында жалдан оралған Елжан Шынар «Шенчжендегі» шаруасына бел шеше кірісе бастайды. 21 жасар қорғаушы жаттығуларда өзін тамаша көрсетсе керек, команда жаттықтырушысы әйгілі Йохан Кройффтың туған ұлы Йорди Кройфф оның талпынысын байқап, бастапқы құрамда мүмкіндік береді. Осылайша, 2021 жылдың сәуір айында Елжан «Циндаоға» қарсы матчта (0:0) 90 минут бойы алаңда тер төгіп, осы күнге дейін 14 турда 12 ойынға қатысып үлгерген. «Шенчжен» болса 24 ұпаймен Суперлигада қазір үшінші орында келеді. Мамыр айындағы «Гуанчжоу Ситиге» қарсы кездесуде (4:2) бразилиялық Алан Кардекке голдық пас беріп көзге де түскен. Жалпы, дұрыс түсінсек, Қытай чемпионатында 23 жасқа дейінгі жергілікті ойыншы лимитке сай міндетті түрде ойнауы тиіс.

Бірақ байқауымызша, Елжанмен қатар оң жақ қорғанысқа талас жүргізіп жүрген қытайлар да аз емес-ау деп қалдық. Әлгі голдық пасынан соң көптеген БАҚ «Кройффтың артқан сенімін Елжан Шынар жақсы ақтап келеді» деп те жазған болатын. Себебі, Кройфф жақсы нәтиже көрсете бастаған соң оны «Барселона» клубы әкесінің ізінше Каталонияға қайтарып алған-ды. Ал нидерландтықтың орнына келген испандық коуч Гранеро да Йордидің салған жолымен Елжанға негізгі құрамда сенім артып келеді. Қандасымыз болса, мексикалық Кинтеро, ганалық Ачеампонг және Вакасо сынды тәжірибелі аяқдопшылармен бір ұжымда доп теуіп өсіп келеді. Үш жылдағы оның трансферлік құны да еркін агент дәрежесінен жарты миллион еуроға жуықтаған.

Қиялында – Қытай құрамасы

Соңғы сұхбаттарының бірінде Елжан былай депті: «Ең басты арманым – Қытай ұлттық құрамасында доп тебу. Мен үшін де, ата-аналарым мен туған жерім үшін де, бұл үлкен мәртебе». Әлбетте, біз бұл жолда бауырымызға тек сәттілік тілейміз.

Енді бір тілшілерге айтқан сөзінде аңыз қорғаушы Серхио Рамосты үлгі тұтатынын және қытайлық қорғаныс шеберлерінен Чжан Линпенге еліктейтінін және атап өткен.

Бірақ инсайдер Айдын Қожахмет айтпақшы, Ержет Ерзат та бұрын Қытай құрамасын армандап жүрген көрінеді. Қазір Қазақстан құрамасы үшін ойнағысы келеді. «Жастар ғой». Тарихи отаны, қазақ халқы өзегінен теппейтіні айқын.

Ла лигаға лайықты

Қытайдағы соңғы жаңалықтарды қарап отырсақ, Ван Вэй есімді журналист Елжан Шынардың ойнын қарау үшін Ла лигадан скауттардың күншығыс еліне ұшып келгенін жазады. Вэй Елжанның қазақ екенін баса айтып, оның ойны күннен-күнге жақсарып келе жатқанын ерекше тебіреніспен сипаттаған.

Ла лигада лаулап-лапылдау ұсынысы жайлы естіп, толқынысын барынша жасырған Елжан оған «Бұның барлығы бапкерлер мен командаластардың маған деген қолдауының арқасы» деп биязы жауап қатқан екен. Жоғарыда аты аталған Кройфф мырзаның да Испанияға қайта оралғанын ескерсек, Шынарға деген қызығушылықтың қайдан пайда болғанын ұғу қиын емес.

«Ла лигада доп тебу – үлкен мүмкіндік. Отандасым У Лейдің «Эспаньолдағы» өнерін қарап жүремін. Ол деңгейге жету үшін көп еңбектеніп, тырыса жұмыс істеуім қажет», – дейді Елжан.

Ендеше, қандасымыз әрі замандасымыз Елжанға тек «қадамыңа нұр жаусын» дейміз!

 

«Тойота», «Мерседес», квартира: какие подарки получили олимпийские призеры из Казахстана

«Мог год бегать по кругу и получать зарплату, но я не такой человек». Где сейчас Евгений Постников

Сборная Украины осталась без главных вратарей: против Казахстана выйдут либо резервисты, либо 22-летний дебютант

+13
Написать комментарий

Новости

Реклама 18+